МЕКТЕПІШІЛІК АТА-АНАЛАР ЖИНАЛЫСЫ
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы саналатын туған ұясы, өз отының басындағы тәрбиесінің рөлі басым екені белгілі. Әрбір өскелең жас ұрпақ ананың мейірлі мейіріне қанып, әке өсиеттерін тыңдап өссе ғана толыққанды тұлға деңгейіне жетіп, өмірден өз орнын алатыны анық. Бала бойындағы мейірімділік пен сүйіспеншіліктің қайнар көзі саналатын отбасы мен мектеп ынтымақтастығының ықпалын нығайту мақсатында 13 мамыр күні Т.Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінде мектепішілік ата-аналар жиналысы өткізілді.
Жиналыс барысында төмендегідей мәселелер қаралды:
2021-2022 оқу жылының қорытындысы
Балалардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағыттау
Жаз маусымында мектеп оқушылары арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу
Балалар қауіпсіздігі /су, өрт, жол/
Балалардың өмірге деген құлшыныстарын арттыру
Сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу
Соңғы қоңырау мерекесі мен мектеп бітіру кешін ұйымдастыру
Оқушылардың жазғы тынығуын ұйымдастыру
Күн тәртібіндегі 1 — мәселе бойынша мектеп директоры Мукеев Мақсұт Ахметұлы сөз алды. 2021-2022 оқу жылының қорытынды есебіне тоқталды. Оқу жылы барысында мектепте 75 сынып комплектісінде 1864 оқушы білім алып, мектеп алды даярлық 5 тобында 111 тәрбиеленушімен аяқталып отырғандығын жеткізді. ІІІ оқу тоқсанының қорытындысы бойынша мектеп бойынша оқу озаты – 425, оқу екпіндісі –720 оқушы. Мектеп оқушыларының білім сапасы 69.2%, үлгірім сапасы 100% көрсетіп отырғандығы айтылды. Аталған оқу жылындағы оқу процесінің ұйымдастырылуы жөнінде жан-жақты түсініктеме берілді.
Оқу жылы барысында оқу үлгерімі жоғары, үлгілі, ерекше талантымен көзге түсе білген оқушылардың ата-аналарына алғыс білдірілді.
Күн тәртібіндегі 2 - мәселе бойынша жастар денсаулық орталығының маманы Жүсіпова Майра Әжібайқызы мен валеолог маманы Алтаева Арай Ғалымжанқызы жасөспірімдердің арасындағы ерте жүктілікті болдырмау, зорлық-зомбылықтың алдын-алуға байланысты түсіндірме жұмысын жүргізіп, денсаулықтың үйлесімді дамып, сақталуы мен орнығуын қамтамасыз ету мақсатында денсаулықты нығайтуға бағытталған іс – шаралардың ықпалын атап өтті.
Күн тәртібіндегі 3 – мәселе бойынша "Ақсай" полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Абдукаримов Шамдаулет Нұрдаулетұлы жаз маусымындағы мектеп оқушылары арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын-алу шаралары туралы сөз алып, ата-аналарға бала жауапкершілігіне қатысты толыққанды ақпарат берді. Ақпарат барысында оқушылардың қандай-да бір заң бұзушылық әрекеттері үшін ата-ананың жауапты екендігін ұғындырды.
Күн тәртібіндегі 4 - мәселе бойынша Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, капитан Тұрсынбаев Олжас Тұрсынбайұлы мен Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстар қызметінің жедел құтқару жасағының бас құтқарушысы Сахиев Әбіш Орынбайұлы өрт қауіпсіздігінің алдын-алуға байланысты түсіндірме жұмысын жүргізді.
Жаз мезгілі – суға шомылудың басталатын маусымы. Балалардың суда уақытты көңілді ғана емес, сонымен қатар қауіпсіз өткізуі мақсатында жиналысқа арнайы шақырылған Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық-қорғаныс басқармасының аға офисері, лейтенант Тютеров Артем Олегович ата-аналарға жаз мезгіліндегі суға шомылу маусымындағы бірқатар ережелерге қатысты кеңес берді.
Жедел құтқару жасағының мейірбике құтқарушысы Сатыбалдиева Жанат Айтбайқызы су қауіпсіздігін сақтауға байланысты ата-ана мен мектеп тарапынан үздіксіз түрде ақпараттар берілу қажеттігін ескертті. Шомылуға рұқсат етілетін аймақтардың аз екендігін ескере отырып, балалардың суға шомылуын қатаң назарда ұстау қажеттігі ескертілді.
Күн тәртібіндегі 5 - мәселе бойынша мектеп психологі Оспанова Динара Жанұзаққызы баланың бақытты да толыққанды өсіп-жетілуіне жағдай жасау қажеттігін түсіндірді. Тақырыпқа сай арнайы бейне материалдарды ата-аналар назарына ұсына отырып, баланың ашу-ыза, ренжу сияқты келеңсіздіктерден алшақ болуын қадағалап, көңіл-күйі мен іс-әрекетін бақылауда ұстау қажеттігін тренингтер арқылы түсіндірді.
Күн тәртібіндегі 6 - мәселе бойынша мектеп директоры Мукеев Мақсұт Ахметұлы сөз алып, мұғалім мен ата-ана арасында сыбайластыққа жол бермеу қажеттігін ескертті. Жиналыс барысында ата-аналарға мектеп директорының «Мектепте сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу» 2022 жылғы 21 сәуір №57 нқ санды бұйрығы таныстырылды.
Күн тәртібіндегі 7 - мәселе бойынша мектеп директоры Мукеев Мақсұт Ахметұлы ата-аналарға соңғы қоңырау мерекесі мен мектеп бітіру кешінің ұйымдастырылуы туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. 11 жыл мектеп қабырғасында білім алған әрбір оқушы үшін мектеп бітіру кешінің маңызы зор екендігін жеткізді. Соңғы қоңырау салтанатты жиыны мен мектеп бітіру кеші мектеп ауласында, таза ауада, шағын форматта ұйымдастырылады деп жоспарланғандығын түсіндірді.
Күн тәртібіндегі 8 - мәселе бойынша оқушылардың жазғы тынығуын ұйымдастыру бойынша мектептің әлеуметтік педагогі Ізбасова Гүлжан Әуезханқызы сөз алып, төмендегідей санаттар бойынша құжаттар қабылданатындығын түсіндірді.
І - санат. АӘК алатын отбасы балалары
ІІ - санат. Жан басына шаққандағы кіріс көзінен аспайтын отбасы балалары
ІІІ - санат. Жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар
IV - санат. Төтенше жағдайлардың нәтижесінде шұғыл көмекті қажет ететін отбасынан шыққан балалар
V - санат. Мектеп тарапынан анықталған көмекті қажет ететін басқа да балалар.
Бала – біздің баянды болашағымыз екендігін естен шығармайық!